Қытаймен шекарада құрғақ порт салынады
Қазақстан мен Қытай шекарасында "Көлжат құрғақ порты" көлік-логистикалық орталығы бой көтермек. Жоба туралы толық мәліметті LS-ке Алматы облысы әкімдігінде ұсынды.
Жауапта аталғандай, жоба Ұйғыр ауданындағы "Көлжат" шекара бекетін жаңғыртумен бірге іске асырылады. Көлік-логистикалық орталықтың жалпы аумағы 8,4 мың гектар. Оның 1 мың гектары көлік-логистика мен индустриялық нысандарға, ал 7,4 мың гектары ауыл шаруашылығына арналған жерлерге бөлінбек. Жоба аясында 45 мың шаршы метрге дейінгі қоймалар, уақытша сақтау алаңдары, контейнерлік терминал, шекара маңы сауда орталығы, электрондық сауда алаңы, сондай-ақ, тұрғын және индустриялық аймақтар салу көзделген.
Алғашқы кезеңде 200 гектар аумақта көлік-логистикалық аймақ іске қосылуы жоспарланып отыр. Жобаны толық жүзеге асыру мерзімі- 2026 жылдың соңына дейін. Инвестиция көлемі 25 млрд теңгені құрайды.
"Сарапшылардың есептеуінше, 2030 жылға қарай "Көлжат" өткізу бекеті арқылы автокөлікпен тасымалданатын жүк көлемі 2023 жылғы 400 мың тоннадан үш еседен асып, 1,4 млн тоннаға жетпек. Ал 2040 жылы бұл көрсеткіш 2,3 млн тоннаға дейін ұлғаюы мүмкін", — делінген жауапта.
Жобаның екінші кезеңінде, 2026- 2028 жылдар аралығында, 50 млрд теңге көлемінде инвестиция тартып, индустриялық аймақ құру жоспарланған. Бұл аумақта экспортқа бағытталған өнім өндіретін және қайта өңдеу кәсіпорындары іске қосылады деп болжануда.
"Бүгінде қытайлық тұтынушылар мал шаруашылығы өнімдеріне айрықша қызығушылық танытуда", — деді әкімдікте.
Осыған орай, төмен температурада сақтауға арналған қоймалар салу көзделген.
Үшінші кезеңде коммерциялық аймақтар дамытылады: 2028- 2030 жылдары құрғақ порт аумағында сауда нысандары, қонақүй және көрме павильондары ашылмақ. Инвестиция көлемі 50 млрд теңгені құрайды.
Бұған қоса, Қытай бағытына жүретін 300 жүк көлігін қабылдайтын автотұрақ пен 500 көлікке арналған уақытша сақтау қоймасы іске қосылған. Жыл соңына дейін тағы 500 жүк көлігін орналастыруға мүмкіндік жасалуы ықтимал.
Бұған дейін, LS редакциясы 2024 жылғы мамырда 8,5 мың гектар аумақта "Құрғақ порт Көлжат" халықаралық цифрлық көлік-логистикалық хабының құрылысы жоспарланып отырғанын хабарлаған еді. Жобаны 2024–2027 жылдар аралығында екі кезеңде іске асыру көзделген. Бұл бастама Қытайдан келетін жүк тасымалын ұлғайту және "Көлжат" өткізу бекетін жаңғырту мақсатында жүзеге асырылатыны айтылған еді.