Четверг, 17 апреля 2025 08:34

Абай облысында есірткімен күрес жолында қоғам мен полиция күш біріктірді

Өңірде есірткі құқықбұзушылығының профилактикасы жөніндегі кеңес құрылды.

Полиция департаментінің бастамасымен ұйымдастырылған алғашқы отырыс осы саладағы жаңа бағыттарды айқындап, қоғамдық күштерді жұмылдыруды мақсат етті.

Кеңестің құрамы қоғамда ықпалы бар түрлі саланың өкілдерінен жасақталған. Олардың қатарында танымал спортшылар, журналистер мен блогерлер, дәрігерлер, кәсіпкерлер және белсенді азаматтар бар. Бұл бастама – мемлекет пен азаматтық қоғамның есірткіге қарсы күресте бірлесе жұмыс істеуінің айқын көрінісі болмақ.

Абай облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Дүйсембай Байбусунов бұл мәселеде бірлесіп жұмыс атқару маңызды екенін айтты.

Есірткі құқықбұзушылықтарының алдын алу – бұл полицияның ғана емес, тұтас қоғамның міндеті. Ата-ана, ұстаз, БАҚ өкілдері, блогерлер – барлығы осы бағытта өз рөлін атқаруы тиіс. Жас ұрпақтың амандығы – бәріміздің ортақ жауапкершілігіміз, – деді полиция полковнигі.

Кеңес мүшелері жасөспірімдер арасындағы есірткіге тәуелділік, интернет кеңістігінде зиянды ақпараттың таралуы мен киберқауіпсіздік тақырыптарын талқылады. Сонымен қатар, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілердің ықпалы кеңінен сөз болды.

Цифрлы психолог әрі блогер Айда Жунусова бұл мәселеге қоғам белсенділерінің араласуының маңызын атап өтті.

– Қазір әлеуметтік желілер қоғамға үлкен әсер етеді. Instagram, TikTok сынды платформаларда тараған контент жасөспірімдердің санасына тікелей әсер етеді. Менің де 13 жастағы қызым бар. Сондықтан баламның болашағы үшін, барлығымыздың ұрпағымыз үшін мен кеңес мүшесі болуға ұсынысты қабылдадым. Аудиториясы бар адам ретінде менің міндетім – осы тақырыпта көбірек айту. Егер әрқайсымыз өзімізден бастап әрекет етсек, оң өзгеріске қол жеткізе аламыз, – деді ол.

Кеңес жұмысы одан әрі де жалғасын таппақ. Жуырда Ішкі істер министрлігі деңгейінде нашақорлық пен есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық штабтың кеңейтілген отырысы өтті. Оған мемлекеттік органдар, денсаулық сақтау және оқу-ағарту министрліктерінің өкілдері, сондай-ақ жаңа кеғестің мүшелері онлайн форматта қатысты.

Билік пен қоғамның бірлескен әрекеті жастарды зиянды әдеттерден қорғап, қауіпсіз болашақ қалыптастыруға бағытталып отыр.

Махаббат РИЗА

Сурет: автордікі, Абай облысы ПД баспасөз қызметі, Polisia.kz