Қарағандыдағы энергетикалық коллапс: Министрлік тергеу жүргізеді
|
Қарағанды қаласының энергия жүйесіндегі бүгінгі апаттың себебін Энергетика министрлігінің комитеті анықтайтын болады, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Министрліктің Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті Қарағанды ЖЭО-3-тегі технологиялық бұзушылықты тергеумен айналысады», — делінген мәліметте.
Ведомство ақпаратына сүйенсек, бүгін «Қарағанды-Энергоцентр» ЖШС-ға тиесілі ЖЭО-3-тің 220 кВ-тық Ашық тарату құрылғысында қысқа тұйықталу және Қарағанды ЖЭО-3 пен Топар ГРЭС байланыстыратын 110 кВ электр беру желілерінің одан әрі шамадан тыс жүктелуі салдарынан аталған электр станцияларында генерацияның толық төмендеуі орын алды. Өндірістің төмендеуіне байланысты Қарағанды қаласы мен Қарағанды облысының өнеркәсіптік тұтынушылары бойынша шамамен 350 МВт шектеулер енгізілді.
Төтенше жағдай салдарынан қаланың бірқатар бөлігі су мен жарықсыз қалды, интернет байланысы үзілді. Полицейлер жол бойындағы қозғалысты реттеуге шықты.
Бүгін Қарағанды облысының бас шаһарында абоненттердің басым дені жарықсыз қалған болатын.
Өңір әкімі Ермағанбет Бөлекбаев тұрғындарға мәлімдеме жасап, жағдайды түсіндірді.
Кейін Энергетика министрлігі шаһарда қуат беру қалпына келтірілгенін мәлім етті.
Айта кетейік, кеше ғана қарағандылықтар нөсер жаңбыр салдарынан әбігерге түскен еді.