Среда, 20 декабря 2023 17:17

"Орыстар Ресейде өмір сүру керек": Әлем чемпионы төлқұжатын өткізіп, тарихи отанына қайтты

Рига (Латвия) қаласының тумасы, аралас жекпе-жек шебері Константин Глухов Латвия паспортынан бас тартып, Ресейге көшуіне не себеп болғанын түсіндірді.

Бұл туралы ол "Матч ТВ"-ға берген сұхбатында айтқан, деп хабаралайды Caravan.kz медиа порталы.

"Мен Латвия азаматының төлқұжатын тапсырдым. Менің қазіргі негізгі куәландырушы құжатым — Ресей Федерациясының босқыны туралы күлгін түсті куәлік", — дейді Глухов.

Ресейге көшуінің себебін спортшы өзінің тарихи отанына қайтуымен түсіндіріп, барлық орыстар Ресейде тұру керектігін алға тартқан.

"Ең басты себеп — мен орыспын. Мен үнемі кім не десе де орыстар Ресейде тұруы керек деп айтатынмын. Менің үйім осында деп ойлаймын. Немістер Германияда, қытайлар Қытайда тұрады. Менің ойымша, орыстар Ресейде тұруы керек", — дейді спортшы.

Айта кетейік, Константин Глухов 2002 жылы WPKA ауыр санатындағы (+88,5 кг) кикбоксингтен Әлем чемпионатында жеңіске жеткен болатын.