Четверг, 17 августа 2023 18:13

Түркістанда балалар лагері зиратта орналасқан

Тұрғындар қорымға бару үшін лагерь басшысының рұқсатын алады.

Түркістан облысында балалардың оқу-сауықтыру лагері зират аймағында орналасқан. Ал жергілікті тұрғындар туыстарын жерлеу үшін мекеме басшыларынан рұқсат сұрайды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа-порталы КТК арнасына сілтеме жасап.

Төлеби ауданындағы үш ғасырлық тарихы бар Қақпатас қорымы 2005 жылы Балдәурен лагерінің аумағына кіріп кеткен. Содан бері жұрт мүрдені жерге тапсырмақ түгілі, бейіттің басында құран бағыштау үшін мекеме басшыларынан рұқсат сұрауға мәжбүр.

Аудан тұрғыны Қасымхан Өмірзақовтың айтуынша, сол кезде Леңгірдің жер комитеті қателік жіберген.

"Сол кездегі былықтар – кадастр бөлімінің қателігі. Келіп топотүсірілім жасамаған, барлығын сырттай істеген. Ал кейін 2018-де Артек болды. Ал олар болса сол мемлекеттік актіні көшіре салған. Негізі аумақты өлшеу керек", — дейді Өмірзақов.

Жергілікті басшылар бұрынғы шенеуніктердің былығын мойындап отыр. Бірақ қаржы министрлігі мен оқу-ағарту министрлігінің теңгеріміне кеткен 2 гектарға жуық зиратты қайтару үшін қанша арыз жазылғанымен, мардымды жауап болмай жатыр.

Тұрғындар қорымға бару үшін лагерь басшысының рұқсатын алады. Одан кейін журналға жазылып, күзеттің бақылауымен ғана жүруге болады. Қақпатас қорымының бір бөлігі бүлініп, тіпті, адам сүйектері көп шығады екен.

Бүгінде марқұмдарды жерлеп, құран бағыштау үшін әркімге жалынудан мезі болған жұрт Қақпатас қорымына барар жолды таудың арасымен өздері салып жатыр.