Четверг, 29 февраля 2024 18:13

«Репрессия құрбандары»: Қазақстанда саяси қуғын-сүргін құрбандарының өлшеусіз еңбегі қаншалықты дәріптеліп жатыр

Елімізде 31 мамыр аштық және саяси қуған-сүргін құрбандарын еске алу күні болып бекітілгені баршаға аян. 1997 жылы республиканың Тұңғыш Президенті Н. Назарбаевтың жарлығымен бекітілген күннің ел тарихында алар орны ерекше.

Осы ретте, халқымыз елдің ертеңі үшін шейіт болған Алаш ардақтыларын қаншалықты асқақтатып жүр деген заңды сауал туындайды. Ал, репрессия құрбандарының өмірі мен халқына сіңген өлшеусіз еңбегі тиісті деңгейде дәріптеліп жатыр ма?

Caravan.kz медиа порталы тілшісі аталған сауалға жауап іздеп көрді.

Сталиннің суық саясаты саяси қуғын-сүргін құрбандарының өмірін жалмап қана қоймай, бүтін бір ұлттың болашағына балта шапты десек артық айтқанымыз емес. Оған дәлел, кешегі Алаш арыстарының жазықсыздан жазықсыз опат болуы. Тарихи деректерде, аштық және репрессия құрбандарына қатысты деректер көп кездеседі. Бүгін біз солардың тек маңыздыларына тоқталып өтсек. Ендеше сандар сөйлесін.

  • Саяси қуғын-сүргін құрбандары Кеңес Одағы дәуірі кезінде ондағы әр ұлтта болды. Өкінішке орай, олардың бірі ақталып шықса, енді бірі жайлы деректер әлі күнге дейін аз.
  • Тарихи мәліметтерде 1921-1954 жылдары Кеңес Одағы бойынша саяси баппен сотталғандар саны 3 млн 777 мың адамды құраса, олардың ішінде 642 мыңы қатаң жазаланған деп көрсетілген.
  • Репрессия жылдары Қазақстанға 5 миллионнан астам адамды көшірген. Әр жылдары елімізге 800 мыңнан астам неміс, 102 мың поляк, 19 мың корей отбасылары, 507 мың Солтүстік Кавказ халқының өкілдері, сондай-ақ Қырым татарлары, түрік, грек және т.б. ұлттар келген.
  • Осылайша, республика бойынша 11 бас бостандығын шектеу мекемелері мен лагерьлер жұмыс істеп тұрған. Олардың қатарында әйгілі АЛЖИР, Карлаг, Дальний, Степной, Песчаный, Камышлаг, Ақтөбе, Жезқазғанлаг, Петропавл, Кеңгір және Өскемендегі лагерьлер болған.
  • 1921-1954 жылдары тек Қазақстанда 100 мың адам саяси бап бойынша сотталса, олардың 25 мыңы ату жазасына кесілген.
  • Қазақстанда репрессия құрбандарына қатысты қылмыстық жаза 1928 жылдан басталған. Дәл осы жылдан бастап, сталиндік қитұрқы саясат Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Мұхамеджан Тынышбаев, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Санжар Асфендерияров, Сұлтанбек Қожанов, Тұрар Рысқұлов, Смағұл Сәдуақасов, Халел Досмұханбетов, Жаханша Досмұханбетов және т.б. соңына түскен. Олардың көпшілігі ату жазасына кесілсе, енді бірі лагерьлерде ауыр дерт пен қара жұмыстан қаза тапты.
  • 30 жылдардың басында қоғам қайраткерлерінің бірқатарының жазықсыз екені дәлелденсе де, 1937 жылы тірі қалғандарға қайтадан айып тағылып, Алаш арыстарының дені атылып кеткен.
  • Репрессия құрбандары тек Сталин қайтыс болғаннан кейін ғана ақтала бастады. Ал опат болған боздақтарды сол кездегі билік біртіндеп ақтай бастады.
  • Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін алғаш қабылдаған заңдардың бірі 1993 жылдың 14 сәуіріндегі «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заң болды.
  • Ал, 2020 жылы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен репрессия құрбандарын ақтау және қайта қалпына келтіру жөнінде мемлекеттік комиссия құрылды. Комиссияның басты мақсаты тарихты зерттеп, опат болған қайраткерлерге қатысты мұрағаттық зерттеулерді қолға алу болатын. Десе де, жақында аталған комиссия өз жұмысын тоқтатып, таратылған еді.

1937-1938 жылдардағы репрессия құрбаны болған жандардың бірі – көрнекті жазушы, қазақтың үш бәйтерегінің бірі Бейімбет Майлин болды. Айта кетерлігі, биыл қаламгердің туғанына 130 жыл толып отыр. Сол жылдардағы қазақ зиялыларының арасында «Би-аға» деген есімге ие болған жазушының ұрпақтары бүгінде сан салады қызмет етіп жатыр. Солардың бірі білікті журналист, «Би-ағаның» туған немересі Ботагөз Абықановамен тілдесудің сәті түсті.

«Бейімбет атамыз бен Гүлжамал Майлина апамыздан 5 бала тараған. Олар Әукен, менің апам Рәзия, Мереке, Еділ және Гүлсім. Апамның тұңғыш немерелерінің бірі болғандықтан, мен кішкентайымнан ол кісінің әңгімелеріне қанық болып өстім. Атамыз көзі тірісінде орта бойлы, денесі мығым, шашы бұйра, қара торы адам болған екен. Кейін атамның замандастарынан естуімше, ол сол кездің өзінде жоғары талғаммен киініп, бильярды жақсы ойнаған көрінеді. Қатарластары тіпті оның сүйікті киі (ред. бильярд ойнауға арналған таяқша) болғанын айтады. Майлиндердің шаңырағына жазушы Ғабит Мүсірепов, педагог әрі хореограф Шара Жиенқұлова, кино және театр актёрі Серке Қожамқұлов жиі келеді екен. «Би-аға» жазушы Иван Шуховпен де достық қарым-қатынаста болыпты. Апамның айтуынша, осындай бейбіт өмірдің барлығы 1937 жылы аяқталған екен. Сол жылы атамыз қамалып, әжеміз Гүлжамал оны түрмеде небары бір-ақ рет көрген екен. Апамның сөзінше, анасы жан жарымен сол кездесуін көпке дейін ұмытпаған көрінеді, себебі ол олардың соңғы кездесуі болған. Сол бір кездесудің өзінде ол атамның үнжырғасы қаншалықты түсіп кеткенін байқап үлгеріпті. Оның алдында еңсесі биік, өжет адамның орнына қасы тілінген, көзі көгеріп, қанталап кеткен мүлдем басқа адам отырғандай көрініпті. Атамыз атылған соң, әжеміз Гүлжамал 8 жылға сотталып, олардан тараған 5 бала жан-жаққа таратылыпты. Үйдің үлкені Әукен соғысқа аттанып, қайтып оралмаса, одан кейінгі балаларды Семей, Алматыдағы балалар үйіне апарған екен. Менің апам Рәзия Әукеннен кейінгі үйдің үлкені ретінде өзінен кейінгі бауырларына бар жауапкершілікті алып, қаршадайынан ерте есейген екен... Апам соңғы деміне дейін, әкесінен айырылған 12 жасындағы бала махаббатпен әкенің қамқорлығын аңсап келді. Ол кісі атамыздың жарыққа шыққан барлық туындылары мен ол жайлы мақала-зерттеулерді тәптіштеп жинап отыратын. 82 жасында өмірден озған апам – мен үшін қайсарлық пен өжеттіктің, даналықтың символы болып қала бермек», — деп еске алады Бейімбет Майлиннің немересі Ботагөз Абықанова.

Сол жылдардағы Алаш арыстарының бірқатары кейіннен ақталғанымен, өкінішке қарай, олардың еңбегі, үлгі тұтар өмірі мен шығармашылығы әлі күнге дейін тиісті деңгейде зерттеліп, зерделеніп жатқан жоқ. Біртуар азаматтардың ұлтының болашағы үшін сіңірген еңбегі де кейде елеусіз қалып жатады. Егемендік алғанымызға 30 жылдан астам уақыт өтсе де, қайраткерлердің шығармашылығы не себепті дәріптелмей жатқандығын белгілі тарихшы Елдос Тоқтарбайдан сұрап көрдік.

«Алаш арыстарын дәріптеудегі мемлекеттік саясат әлі де тиісті деңгейде жүргізіліп жатпағандығын мойындауымыз керек. Міне, осы себептен де репрессия құрбандарын толық танып бітпедік. Жас буынның Алаш арыстары мен олардың елге сіңген еңбегін, ұрпақтарын білмек түгіл, олардың ата-аналарын, тектерін де білмей жатады. Неге? Себебі, бұл тақырып көз қозғала бермейді, мемлекеттік насихат аз. Әйтпегенде балабақшадан мектеп, колледж, институт пен университетке дейінгі аралықтағы бағдарламаға арқау болса, жастар мен жасөспірімдер ұлтшыл, мемлекетшіл болар еді. Ұлттық идеология болмаған соң, дүбәра ұрпақ өз тарихын білмей, жат елдің кино өніміне малданып, солардың идеологиясын санасына сіңіріп, не ары, не бері болмай қалды. Мен жазушы-алаштанушы ретінде саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтарымен тығыз қарым-қатынастамын. Той-қуаныш, өлім-қайғыларында да біргемін. Жиі сөйлесіп, кездесіп тұрамын. Десе де солардың бетіне түзу қарай алмай, ыңғайсыз жағдайда қалатыным бар. Себебі – оларды елеп ескеріп жатқан ешкім жоқ. Менің де дауысым көп жерге жетпейді. Содан қысылып, өзімді жазықты сезінемін...», — дейді қоғам белсендісі.

Тарихшы әңгіме барысында, елге танымал репрессия құрбандарынан бөлек, тасада қалып жатқан тұлғалар мен олардың атаулы даталары бар екенін де тілге тиек етті.

«Осы жылдың басында мерейтойлар тізімі жарияланды. Сол тізіммен танысып, «Қап» деген сәтіміз болды. Сосын алаштанушылар чатында осы мәселені көтеріп, қалыс қалған тұлғалар жайын талқыладық. Сонда жас ғалым Жауынбай Жылқыбайұлы тізімді толықтырып еді. Не десек те, тірісінде қызық көрмеген, той-думанға алданбаған, ғұмыры қуғын-сүргенмен өткен азаматтардың есімі ұлықталуы қажет. Тұлғаларды бөліп жаруды қойып, әр тұлғаға обьективті баға берілу керек. Олардың қатарында Бірінші Дума депутаты, заңгер, меценат Сәлімгерей Жантөренің туғанына 160 жыл, І Мемлекеттік Дума депутаты, Батыс Алашорда қозғалысының жетекшілерінің бірі Алпысбай Қалменұлының туғанына 155 жыл, алғашқы қазақ журналистерінің бірі, ақын, «Қазақстан» газетінің бас редакторы Елеусіз Бұйраұлының туғанына 150 жыл, Мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, алғашқы қазақ заңгерлерінің бірі, «Сарыарқа» газетінің ұйымдастырушысы Райымжан Мәрсектің туғанына 145 жыл, Алаш партиясының жергілікті ұйымдарын құруға атсалысқан қайраткер, фельдшер Ахметжан Қозыбағардың туғанына 145 жыл және т.б», — деп сөзін аяқтады тарихшы.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарының есімі мәңгілік ел есінде қалары сөзсіз. Тек оларды дәріптеп, өскелең ұрпақ бойына сіңіре алатын халық бола алсақ болғаны... Қалғаны уақыт еншісінде...