"Олигархтар 45 миллардқа жуық халықтың ақшасын офшорға шығарып келген": Депутат шетелге кеткен қаражатты қайтару жұмыстары туралы сұрады
30 жыл бойы шенеуніктер мен олигархтар капиталдың бәрін офшорға шығарып келген. Осылай деп мәлімдеген депутат Бақытжан Базарбек қаржы министрінен шетелге кеткен активті қайтару бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатқанын сұрады. |
Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Stan.kz -ке сілтеме жасап хабарлайды.
Депутаттың айтуынша, кейбір шенеуніктер капиталды қайтаруға байланысты заңның кемшіл тұстарын өз пайдасына жаратып жүр.
"30 жыл бойы шенеуніктер мен олигархтар капиталдың бәрін офшорға шығарып тұрды. Менің ақпаратым бойынша қазір офшорлық аймақта 45 миллардқа жуық осы елдің, халықтың ақшасы офшорда жатыр. "Текст Жастис" деген ұйымның мәліметінше, жыл сайын Қазақстаннан 200 млн доллар капитал шығарылады. Осыған байланысты қысқаша сұрақ. Сіздің мекемеңіз, Үкімет, осы офшордағы 45 миллардқа жуық ақшаны қайтару үшін қандай жұмыс істеп жатыр? Қандай шара қолданып жатырсыз?", — деді депутат.
Сондай-ақ депутат Жамаубаевқа әлемде кейбір офшорлық аймақтар бар екенін атап өтті.
"Мысалы, Кайман аралдары, Сейшел аралдары бар. Енді мен база бойынша қарадым. Олармен келісімшарт тіптен жасалмаған. Олармен келісімшарт қашан дайындалады? Келісімшарттың дайын болғанын қашанға дейін күтеміз? Осы ақша қашан қайтарылады?", — деп сұрады министрден.
Премьер-министрінің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев шетелге заңсыз шығарылған қаржыны қайтару бойынша кешенді жұмыстар жүріп жатқанын айтты. "Бірнеше тұлға реестрге кіргізілгенін мәлімдеді.
"Ол тұлғалармен Бас прокуратураның арнайы комитеті жұмыс істеп жатыр. Министрлікке келетін болсақ, бізде арнайы офшорлық аймақтардың тізімі бекітілген. Ондай аймақтармен жүргізілген операциялар күмәнді болып саналады. Ол жерде тексеру барысында трансферлік баға берілу күшейтіледі. 55 мемлекетпен қосарланған салықты жүргізбеу бойынша конвенциялар бар. Соңғы 1-2 жылда еліміздегі валюталық реттеу мен бақылау Ұлттық банктің құзыретінде болған мәселе болған. Біз заңға тиісті өзгерістерді енгізіп, Қаржы министрлігі валюталық бақылауға қосымша орган ретінде қосылып отыр", — деді Жамаубаев.
Министр сөзінше, Ұлттық банктің тиісті құзыреті болмағандықтан , тек мониторинг жүргізген.
"Экспорттық, импорттық мәміле жасалады. Қандай да бір мемлекеттен 100 миллион теңгенің қондырғысын Қазақстанға әкеліп орнату керек. Ақша жіберіледі, қондырғы жоқ. Бұл жерде осындай жүздеген шарт жылдар бойы жатқан. Ақша кеткен, қондырғылар қойылмаған. Ұлттық барнктің бұл жерде тиісті құзыреті болмаған. Олар автоматты түрде ондай шарттарға келісім бере берген. Қазір Қаржы министрлігі тарапынан шетке шыққан қаражат бойынша сараптама жүргізіп жатырмыз. Қазірдің өзінде 500 миллардқа жуық ақпаратты қаржы мониторингіне бердік. Қаншалықты ол жерде қылмыстық әрекет бар екенін тексереді. Былтыр заңға өзгерісс енгізілген болатын, 50 мың доллардан асатын кез келген шарт бойынша ақпаратты Ұлттық банк қаржы министрлігіне беріп отырады", — деп жауап берді қаржы министрі Жамаубаев.