Вторник, 26 декабря 2023 17:17

Алматыдағы автобус апаты: оқиға куәгерлері жанжалдың себебін атады

Алматыда автобус жүргізушісін ұрып, жол апатына себепші болған жолаушы екі айға қамауға алынды. Салдарынан үш адам қаза тауып, төрт адам жарақат алған болатын.

Оқиға куәгерлері жүргізуші әйел мен жолаушы арасындағы жанжал туралы айтты, — деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Жұманың кешінде болған жантүршігерлік оқиғада үш адам ажал құшқан болатын. Тағы үшеуі түрлі дәрежеде жарақат алды. Ал жұдырығы жуан жолаушы екі бірдей баппен тергеліп жатыр. Сұмдық жайт кешкі сағат жеті шамасында болған. №47 бағыттағы қоғамдық көлік Райымбек даңғылының бойымен батысқа қарай келе жатып көшедегі адамдарды жайпап өтеді. Қатты соққыдан 7 адам жан-жаққа ұшып кеткен. Үшеуі тіл тартпастан өліп кетсе, төртеуі түрлі диагнозбен ауруханаға жеткізілген. Арасында 15 жастағы жеткіншек те бар. Апаттың нақты қалай болғанын сол жердегі бақылау камерасынан көруге болады. Жүргізуші мен жолаушы арасында дау туындап, жолаушы рөлде отырған әйелді жұдырықтай жөнеледі. Соққыдан тізгіндегі әйел есінен танып, автобус жылдамдығын азайтпаған күйі жол жиегіндегілерді жаншып өткен.

Жеңіс Тайбек, оқиға куәгері: — Жүргізуші мен жолаушы арасында жанжал туған. Жүргізуші жолақы төлейсің деген, анау «төлемеймін» деген. Жүргізушіні боқтап, сес көрсеткен. Бірінші ұрған кезде құламаған жүргізуші екінші ұрған кезде талып қалған.

Елдос Сәбитов, оқиға куәгері: — Досым екеуіміз отырғанбыз. Жолаушы жолақысын төлемей, ол кісіні ұрды. Жүргізуші талып қалған. Мен еңкейіп, аяғы газда екен, ол кісі маған «тормозды бас, тормозды бас» деді, мен бастым.

Жанжалдың тағы бір себебі: ер адам жүргізушіден аялдамаға емес, жолдың жиегіне тоқтауды сұраған. Айтқаны болмаған соң, жолаушы жұдырық сілтепті. Ал апаттан кейін қашып кетпек болғанымен, басқа жолаушылар полиция келгенше оны күштеп ұстап отырған.

Айшолпан Бақытова, автобус жүргізушісінің сіңлісі: — Есінен танып қалған кезде бір аяғы газда болған. Танған кезде есін білмейді ғой. Сөйтіп құлаған. Жағы сынған. Жолаушыны балалар ұстап алған екен де, жаңағы ұрған адамды. Сөйтіп жібермей ұстап тұрған.

Автобус астында қалған үш адам сол жерде жан тапсырған. Оларға қатысты әзірге ақпарат айтылмады. Ал зардап шеккен 15 жастағы жеткіншек дәрігерлер қарауынан кейіне үйіне жіберіліпті. Қалған үш адам ауруханада. 50 жастағы науқас жансақтау бөлімінен жарақат бөлімшесіне енді ауыстырылған.

Елдар Құрмаев, Алматы №7 клиникалық ауруханасының нейрохирургия бөлімі меңгерушісі:

- Автобус жүргізушісі 36 жастағы әйел, басжарақаты, миы шайқалған, бет терісі зақымданған. Нейрохирургия бөлімшесінде емделіп жатыр. Жағдайы тұрақты. 55 жастағы ер адамның миы шайқалған.Жағдайы тұрақты. Қазір жолаушы жігіт қамауда. Қала соты оған екі ай мерзімге тұтқындау туралы шешім шығарған. Кінәсі дәлелденсеғ 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Салтанат Әзірбек, Алматы қаласы ПД ресми өкілі: — Қоғамдық көлік жүргізушісін ұрған ер адам ұсталды. Оған қатысты ҚР ҚК 293-бабы және ҚР ҚК-нің 351-бабымен қылмыстық іс тіркелді. Осы бап бойынша ол 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ұсталған адам ПД уақытша ұстау изоляторына тоғытылды. Яғни күдікті қылмыстық кодекстің «екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеліп соққан көлікті қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ететін ережелерді бұзу» бабы мен «бұзақылық» баптары бойынша тергелуде.